🖌Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі еліміздің 20 өңірінде алғаш рет жаңа форматта «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген атпен өтті. Ақмола облысында «Балалардың сауықтыруы мен демалысын ұйымдастыру» бағыты тамыз кеңесінде алғаш рет жеке тақырып болып көтерілді. Тамыз кеңесі – білім саласының заман талабына сай даму бағыттарын айқындайтын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін тұлғалардың пікір алмасып, ой бөлісетін ортасы. Конференцияның мақсаты – ұрпақты тәрбиелеуде балалар демалысы мен сауықтырудың ерекше рөлін көрсету. Кеңестің пленарлық отырысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында балаларға арналған 50 сауықтыру орталығын ашу міндеті қойылғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл міндет алдағы 3 жылда іске асырылымақ. Сондай-ақ, кездесу барысында төраға орынбасары елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытындағы жұмыс қарқын алғанын атап өтті. Ал республика бойынша үздік демалысты ұйымдастыру жобаларына жеке тоқталды. «Республикамызда демалысты ұйымдастырудағы ең үздік жобалардың бірі - биыл Жамбыл облысында резиденция ғимаратында ашылған заманауи жыл бойы жұмыс атқаратын Мөлдір бұлақ орталығын атап өткім келеді. Қостайнайда Ағымдағы жылы Қостанай облысында «ерекше» балаларға ата-аналарымен бірге демалыс ұйымдастырылды. Павлодар облысы мен Ақмола облысында бейіндік лагерьлер ұйымдастырылған болатын. Ал Солтүстік Қазақстан облысында, Астана қаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған этноорталықтар жұмысы халық ықыласына ие болды», - деп мәлімдеді Дулат Жекебаев.
#оқуағарту
#тамызконференциясы